Басты бет

Ұлы дала сазын ғасырдан ғасырға жалғастырып, қазақтың дәстүрлі ән  өнеріне өшпестей із қалдырған  дарынды тұлға Мәдениет Ешекеевтің өмір жолымен егіз өрілген өнер жолын пайдаланушыларымызға таныстыру ұлттық болмысымызды білдіретін кітапханамыздың алға қойған мәртебелі міндеттерінің бірі. Тірі болса сексеннің сеңгіріне шығар жасқа келер қазақ әнінің құлагері атанған өнер дүлдүлі Мәдениет Сейітжанұлы Ешекеевтің өнерімен көмкерілген ғибратты ғұмырын кітапханамыздың қорындағы бай материалдардан жинақталған «Қазақ әнінің құлагері»  атты   виртуалды  көрме таныстырады.

Он екісінде қолына домбыра алып, он төртінде топ алдына шығып, он тоғызында Жүсіпбек Елебековтей әншіліктің асқан сарапшысына шәкірт болған Құрманқожа ауылының түлегі, жерлесіміз  Мәдениет Ешекеевтің өнер жолы мен өмір деректері көрменің  «Өмірдерек» бөлімінен орын алған.

Мерзімді басылымдар беттерінде 1978 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін жарық көрген М. ЕсболатоваЖ. Қамбаров, Ж.Кәрменов, Қ.Кәкімұлы, Б.Елеуғожин, Т.Ибрагимов, З.Кеңесқызы, Қ.Шәкербайқызы сынды  өнертанушылар мен журналистер мақалаларының толық мәтінін пайдаланушылар көрменің «Әншілік өнердің дарабозы» бөлімі арқылы таныса алады.

«Арнаулар» бөлімі Т.Әбдікәкімов, М.Оспанов және басқа да ақындардың бекзат өнер иесі М.С.Ешекеевке арнаған арнауларынан тұрады.

Есімі республиканың алтын кітабына жазылған Қазақстанның халық әртісі М.С.Ешекеевтің  өмір жолында, өнер жолында сапарлас болған көз көргендердің  естелік-бейнежазбалары «Жазылар естеліктер мен туралы»  бөлімінде  — «Есте қалған тұлға» айдарымен берілген.

Аталған бөлімнің   «Мәңгі бейне»  айдары Арқаның дәстүрлі әндерін тек қазақ халқына ғана емес, күллі әлемге танытқан өнер тарланы М.С.Ешекеевтің  суреттерімен дидарластырады. Осы бөлімнің «Құжаттар» бөлімшесі әншінің жеке басына қатысты құжаттардың көшірмесімен толықтырылған.

  «Дәйексөздер» бөлімінде ақын Ш.Әбеновтей көркем сөз зергерлерінен бастап ғалымдар мен өнертанушылардың  Арқа серісі М.Ешекеевке арнаған қанатты сөздері жарияланған.

Тұла бойы өнер тұнған ғажайып тұлға М.С.Ешекеев домбырашы-әнші ғана емес, ғажап сырнайшы, сонымен қатар шебер де  суретші болғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. «Библиография» бөлімі сегіз қырлы өнер иесі М.С.Ешекеев жайлы кітапхана қорындағы кітаптар мен  мерзімді басылымдар беттеріндегі публикациялар  тізімін ұсынады.

 «Сілтемелер» бөлімі М.С.Ешекеевке қатысты Интернет ресурстарындағы мәтіндік және аудио-бейнематериалдарға сілтемелер береді.Құрметті пайдаланушы! Семей өңірінің тумасы, жерлесіміз, қазақ өнері айдынында із қалдырған біртуар тұлға, Халық әртісі М.Ешекеевтің ән мұрасымен, ол жайлы ақпараттармен Сіздерді  виртуалды көрмеміз  кең көлемде таныстырады  деген сенімдеміз. Осы мақсатта көрмеде  ұсынылған материалдар Сізге қажетті ақпараттар іздеуде көмекші бола алады деген ойдамыз. Егер Сіз көрме қорымен толық таныссаңыз, Сізді «Сұрақ-жауап» бөліміне өз біліміңізді нақтылауға шақырамыз. Көрме қоры алдағы уақытта үнемі толықтырылып отырады. Сіз де қолыңызда бар сазгер туралы құнды материалдармен  немесе әнші туралы естелік-сұхбат беру арқылы виртуальды көрмемізді толықтыра аласыз.  Ал көрмеден орын алған барлық материалдарды Сіз Абай атындағы кітапхананың қорынан таба аласыз. Біз Сізді кітапханада күтеміз.