Басты бет

Құрметті пайдаланушы! Сыршыл да әуезді әнімен халық жүрегінен жол тапқан, өз халқының ән өнерінің орындаушылық мәнерін терең меңгерген, тамаша асқақ дауысымен жұртшылыққа жақсы танымал әнші, актер, ақын, сазгер Болат Сыбановтың туғанына 80 жыл толуы қарсаңында әншінің өмірі және шығармашылығына арналған «Өнер – менің өмірім» атты виртуалды көрме пайдаланушыларға ұсынылып отыр. Әнші рухына құрмет көрсету, оның өшпес өнерін насихаттау аясында кітапхананың және өнер иесі отбасының жеке қорындағы материалдарды біріктіріп оқырман ортасына ұсынып, пайдаланушыларды таныстыру, ақпаратқа қолжетімділігін арттыру және өскелең ұрпаққа мол ғибрат, зор тағлым беру көрмеміздің басты мақсаты.
Сіз көрменің «Өмірдерек» бөлімінен әкеден ерте жетім қалып, анасына көмектесуді ойлап, ерте еңбекке араласып кеткен Болат Сыбановтың өмір жолымен таныса аласыз. Бар өнерін халқына арнаған әншінің шығармашылығы туралы мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалардың толық мәтіні көрменің «Сөнбейтін шамшырық» бөлімінен орын алған.  Е.Рахимовтың, М.Әлімбаевтың, А.Манабаевтың, М.Ибраевтың, Т.Теңізбаевтың, айтыскер ақын Д.Омарбаеваның әншіге арнаған өлеңдерін  виртуалды көрменің «Арнау»  бөлімі  ұсынады.
Қазақ әндерін жанымен сүйетін тыңдаушы қауым, көрменің «Әнім – бақытым» бөлімінен әншінің көзі тірісінде  жарық көрген «Өнер – менің өмірім» атты шығармашылық жинағының толық мәтінімен таныса алады. Кітапта әнші-сазгердің ой-толғаулары, өлеңдері, өзі орындаған әндерінің толық мәтіні мен ноталары  топтастырылған.
Қазақтың ұлттық өнеріне өзінің тума дарындылығымен үлес қосқан, дарын иесі шығармашылығы туралы көрменің «Сағыңды елің үніңді» бөліміне орналастырылған телеарна қорынан алынған концертін тыңдау арқылы Сіз ән әлеміне бойлайсыз.
Әншінің  дос, қызметтес болған әріптестері мен өнер зерттеушілерінің тебірене, толғана сыр шерткен бейнежазбаларынан Сіз «Есте қалған тұлға» бөлімі арқылы құлағдар болып, тамаша тума таланттан қалған мұра суреттерді «Мәңгі бейне» бөлімінен көре аласыз.
«Құжаттар» айдарымен берілген бөлімнен Б.Сыбановтың отбасылық архивінен алынған әр жылдары әншіге тапсырылған құрмет, марапаттарымен Сізді таныстырады.
«Дәйексөздер» бөлімінде музыка зерттеушісі Ю.Аравин, Е.Мекежанов, Х.Ешмұратов, Т.Ибрагимов, М.Ибраев сынды ақын-жазушыларымыздың нақыл сөздері берілген.  Ұлт өнерін өрге сүйреген асыл азаматтың кітапхана қорында сақталған кітаптар мен  мерзімді басылымдар беттеріндегі публикациялар тізімін «Библиография» бөлімі,  Интернет ресурстарындағы мәтіндік және аудио-бейнематериалдарды «Сілтемелер» бөлімі ұсынады. Сіз, осы виртуалды көрме қорына енген ақпараттармен толық танысқан болсаңыз,  «Сұрақ-жауап» бөліміне ену арқылы өз біліміңізді нақтылауыңызға болады.
Алдағы уақытта көрменің қоры тың материалдармен толықтырылып отырады.  Егер Сіздің қолыңызда өнер иесі туралы құжаттар болса, көшірмесін көрме қорына беруіңізге болады.  Біз Сізді кітапханада күтеміз.