Семей өңірі – Абай мен Шәкәрім, Мұхтар, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт сияқты біртуар Алаш тұлғаларының тасқа басқан таңбадай айшықты ізі қалған киелі жер. Семей содан бергіде қазақтың рухани астанасы деген мәртебесінен еш жаңылған жоқ. Бұл шаһар «Тамаша адамдардың өмірі» атты әйгілі сериямен Мәскеуде үш бірдей ірі роман шығарған жазушы Медеу Сәрсекенің де құт мекені.

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы жазушы, журналист, драматург, «Құрмет орденінің иегері Медеу Сапаұлы Сәрсекенің 80 жылдық мерейтойына пайдаланушылар назарына «Қаламгердің сан қыры» атты виртуалды көрмені ұсынады.

Көрменің мақсаты: кітапхана қорында бар жазушы шығармашылығына байланысты мағлұматтарды оқырман назарына ұсынып, бүкіл саналы ғұмырын сәтпаевтануға арнаған қаламгердің өнегелі өмірін дәріптеу арқылы жас ұрпақты адами құндылықтарға тәрбиелеу және ақпараттар алу мүмкіндігіне кеңінен қол жеткізу.

11 бөлімнен тұратын виртуалды көрменің бөлімдеріне кітапхана қорындағы барлығы 30 мерзімді басылым беттеріндегі мақалалардың толық мәтіні мен 70-тен аса әдебиеттер тізімі ұсынылды.

Көрменің «Өмірбаян» бөлімінде жазушының ғұмырнамасы туралы қысқаша ақпарат пен кітапхана қорындағы әдебиеттер тізімі берілді. «М.Сәрсекеге 80 жыл» атты айдар жазушының 80 жасқа, шығармашылығына 60 жыл толуына арналған мазмұнды мақалалармен қамтылған. Мерзімді басылым беттеріндегі «Қанышты әлемге танытқан қаламгер», «Қиял қанатынан деректер әлеміне», «Шындықты ашу – оңай емес, есесіне ойың да, бойың да өседі…», «Сексеннің сеңгірінен тартқан сыр», «Шығармалар жинағы» сегіз кітап» тақырыптарырдағы мақалалар қазақтың ғұлама ғалымы жазушырың өнегелі өмірінен сыр шертеді.

«Шығармалар» бөлімі кітапхана қорында сақталған жазушы еңбектерінің мұқабаларымен және қысқаша мазмұнымен таныстырады.

Көрменің «ЖЗЛ» -«Өнегелі адамдар өмірі» бөлімі қалың оқырман жұртшылыққа саналы ғұмырын еліміздің өркениетіне, әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына, тарихи тұлғаларына арнап жүрген халқымыздың аяулы перзенті Медеу Сәрсекенің көп жылғы ізденістерінен туындаған «Қаныш Сәтбаев», «Ебіней Бөкетов», «Ермұхан Бекмаханов» сынды қазақтың үш алыбы туралы деректі мағлұматтармен таныстырады.

«Ұлт қасіреті» бетінде ядролық тажал ошағы болған туған жері Абыралыда сыналған полигон зардаптары жайында және 2016 жылдың басында тұсауы кесілген «Семей қасіреті» деректі кітабының авторы Медеу Сәрсекемен сұхбат әрі осы хикаяттан үзінділердің мәтіні орналастырылды.Сонымен қатар, «Семей қасіреті» кітабының толық мәтіні пайдаланушылар назарына ұсынылды.

«Жазушы қаламынан» бөлімінде басылым беттерінде жазушының өз өмірінің мәнді белестерінде кездескен қызметтес тұлғалардың, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, «Семей таңы» газетінде істеген жылдардағы әріптестерінің ізгі әрекеттері мен қажырлы еңбектері туралы естеліктері берілген.

«Суреткер туралы сөзде» берілген материалдар қазақ әдебиетінде алар орны ерекше, есімі еліне мәшһүр, шығармашылық шырағын сөндірмей, қаламгерлік туын берік ұстап, өмір мен өнердің талай биіктерін бағындыра білген жазушы туралы естелік жазбалар оқырмандарын шыншылдыққа, мазмұнды өмір сүруге жетелейді.

Көрменің «Бейнежазба» бөліміне өлкемізге танымал тұлғалардың өнегелі өмірімен пайдаланушыларды таныстыру мақсатында жазылған бейнежазба орналастырылып, ғаламтордағы Қазақстан телеарнасы түсірген «Келбет» бағдарламасына сілтеме берілді.

Тұлғаның әр жылдар кезеңдерінде еліміздің танымал қайраткерлерімен, замандастарымен, туыстарымен, отбасымен және оқырмандарымен кездесуде түскен суреттері «Сурет галереясына» орналастырылды.

«Библиография», «Интернет сілтемелері» бөлімдерінде кітапхана қорындағы М.Сәрсекенің шығармалары мен қаламгер туралы барлық басылымдардың тізімі және жазушының өмірі мен шығармашылығына байланысты ғаламтордағы материалдарға сілтеме берілген.

Тарихи тұғыры биік тұлғалар туралы, кейінгі ұрпаққа шұғылалы із қалдырған, әлі де берері мол зерделі сөздің зергері Медеу Сәрсекенің 80 жылдығына арналған «Қаламгердің сан қыры» атты виртуалды көрменің пайдаланушыларға берер тәлім-тәрбиесі зор.

Байланыс телефоны: 8 (7222) 52 04 94; 52 01 44

веб-сайт: http://www.semeylib.kz

Е-mail: semeybib@yandex.kz