Сазгер
Бекен Жамақаевтың туғанына 85 жылдығына арналған виртуалды көрмеге қош келдіңіздер!

Басты бет

  Қазақ ән өнеріне шоқтай жарқырап, жұлдыздай ағып түскен сазгер – Бекен (Бекенғали) Жұмабекұлы Жамақаев. Қазақ музыка өнеріне өшпестей із қалдырған дарынды тұлғаны еске ала отырып, әндерін насихаттау, сазгердің өмірімен, шығармашылығымен пайдаланушыларды таныстыру ұлттық болмысымызды білдіретін кітапханамыздың алға қойған мәртебелі міндеттерінің бірі. Өмірден ерте озған, бүгінде туғанына 85 жыл толып отырған семейлік сазгер Бекен Жамақаевтың шығармашылығымен пайдаланушыларды кітапхана қорында сақталған басылымдармен және сазгердің туыстарының жеке архивінен алынған материалдармен кеңінен таныстыру мақсатында «Вальс королі» виртуалды көрмесі ұйымдастырылды.
  Көрменің «Өмірдерек» бөлімінен оқырман қауым сазгердің өзінің көзі тірісінде жазған қолжазбасымен және өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған ақпаратпен таныса алады.
  Кітапхана қорында сақталған мерзімді басылымдар беттерінде 1957 жылдардан бастап бүгінгі күнге дейін жарық көрген М.Сәрсеке, М.Әміренов,І.Жақанов , А.Бейсенбеков, т.б. сынды қаламгерлер мен өнертанушылар мақалаларының толық мәтінін пайдаланушылар көрменің «Ғажайып әндер» бөліміне ену арқылы оқи алады.
  «Тұлғаға тағзым» бөлімінде сазгер дүниеден өткеннен кейін рухына тағзым ретінде атқарған істері жөнінде мақалалалар топтастырылған. Сазгердің өзі оқыған қазіргі Т.Аманов атындағы № 16 мектепте Б.Жамақаевқа арналып, сазгер атындағы музыка кабинеті ашылғандығы жайында және табиғи талант иесі қарындасының облыстық тарихи- өлкетану мұражайына табыстаған күйсандығы туралы ақпараттардан хабардар етеді.
  Семей қаласында тұратын сазгердің ағасы Т.Жамақаев пен қарындасы Б.Жамақаеваның жеке архивінен алынған бейнесуреттер мен құжаттар көрменің «Ресурстар» бөліміне орналастырылған. Пайдаланушы қауым осы бөлімнен сазгердің көзін көрген зиялы қауым өкілдері М.Сәрсеке, К.Сәкиева, М.Сұлтанбеков, А.Ахметжанов, Б.Ерсәлімов, Б.Жүнісовтардың бүгінгі сазгер шығармашылығын зертеу ісімен айналысып жүрген А.Бейсенбекұлының және сазгер туыстарының естелік сұхбат-әңгімелерін тыңдау арқылы сазгер шығармашылығын терең танып-біле алады.
  Көрменің «Арнаулар» бөлімінде ақындар Мұратбек Оспанов пен Сейфолла Оспановтың сазгерге арнаған арнаулары енгізілсе, «Дәйексөздер» бөліміне танымал өнер иелері Ә. Жаңбырбаев, Т.Базарбаев т.б. сынды танымал тұлғалардың сазгер туралы айтқан қанатты сөздері орналастырылған.
Пайдаланушылар үшін «Библиография» бөліміне Б.Жамақаев туралы кітапхана қорындағы басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалардың тізімі ұсынылған. «Сілтемелер» бөлімінде Интернет ресурстарындағы мәтіндік және аудио-бейнематериалдарға сілтемелер көрсетілген.
Құрметті пайдаланушы! Белгілі сазгер Б.Жамақаевтың шығармашылығын Сіздерге кең көлемде таныстыру мақсатында ұсынылған виртуалды көрме материалдары Сізге қажетті ақпараттар іздеуде көмекші бола алады деген ойдамыз. Көрме қоры алдағы уақытта үнемі толықтырылып отырады. Егер Сіздің қолыңызда сазгер туралы құнды материал болса немесе сазгер туралы естелік-сұхбаттар бере алсаңыз хабарласуыңызға болады. Ал көрмеден орын алған барлық материалдарды Сіз Абай атындағы кітапхананың қорынан таба аласыз. Біз Сізді кітапханада күтеміз.

Байланыстар

  • Телефон:
    8(7222) 56-10-76, 52-01-44
  • Email:
    semeybib@yandex.kz
  • Адрес:
    Қазақстан Республикасы
    Шығыс Қазақстан облысы
    Семей қаласы Абай көшесі 86